Қазақстан • 08 Наурыз, 2018

Жәмилә Баспақова: Өзімнің жан дүниеме үңілгенді жөн санаймын

310 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі.

Жәмилә Баспақова: Өзімнің жан дүниеме үңілгенді жөн санаймын

– Сіздің алғашқы қазақ­стан­­дықтардың бірі болып­ опера отаны Италияда оқып, тәжірибе жинақтап қайтқа­ныңыз Абай атын­дағы Опера және балет теа­тры үшін үлкен олжа саналады. Академиялық театрға дейінгі жол ұзақ болды ма?

– Әрине, Абай атындағы Опе­­ра және балет театрына тө­бе­ден келіп топ ете түстім деп айта алмаймын. Бір әртіс артқа тастауға тиіс жолды жаяу басып жүріп келдім. Ұзақ жолдың ең алғашқы қадамдары менің ба­лалық шағым өткен Теміртау қа­ласындағы музыка мектебінде сайрап жатыр. Фортепьяно және жеке дауыста ән айту сыныбына қабылданғанда әлі бастауышта оқитынмын. Бұдан кейінгі жол Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының дайындық курсында жалғасқанымен, жал­ғыз өзімді алысқа жібергісі келмеген әкем Теміртауға қайта ша­қырып алып, осындағы екі жыл­дық музыка училищесінде оқу­ға тура келді. Бірақ бітірген соң бәрібір консерваторияға қай­та оралдым. Жоғары курста оқи­тын санаулы студенттердің қатарында үкіметтік концерт­тердің біріне қа­тысып, алғаш рет үлкен сахнада ән айтқан кезімде Елбасы байқап: «Мына қызды Италияда оқыту керек» депті. Италияның Озимо қаласындағы опера өнерінің академиясында білімім мен қабілетімді шың­да­ған кезеңді өмірімнің ең ма­­ңызды баға жетпес бөлігі деп біле­мін. Үш ұстазыма – Те­мір­­тау музыка мектебінің оқы­ту­шысы Галина Мурашеваға, кон­­сервато­рияда білім берген Сәуле Ғарифоллақызы Құрман­ға­лиеваға және итальян профессоры Марио Мураниге өне­ріме де, өміріме де өшпес із қал­ды­рып кеткені үшін мәңгілік қа­рыз­дармын.

–  Сіз Өзбекстан Республика­сының еңбек сіңірген әртісі екен­сіз. Бұл атаққа қалай қол жет­кізіп жүрсіз?

– Италия академиясынан бі­лім алып қайтқаннан кейінгі ең бірінші гастрольдік сапарым Өзбекстаннан басталды. Бұл ме­нің итальян опера мектебінен шың­­далып келгеннен кейін «кү­шім» тасып, шиыршық атып, өне­­рімді көрсетуге құлшынып жүр­­ген кезім. Көрші елдің сахнасында орындаған «Бұлбұл» әнім өзбекстандықтардың көңілінен шығып, кеш қонағы болып қа­тысқан Өзбекстан президенті Ислам Каримов қазақ өнеріне іл­типат көрсеткісі келгені болар, мені бірден осы атаққа ұсынды.

– Жәмилә, сіз П.Чайков­ский­дің романстарын орындайсыз, шетел операларын шыр­­қайсыз. Мысалы, сіз үшін орыс операсынан ита­льян опе­расының немесе неміс операсы­нан француз опе­­расы­ның айыр­машылы­ғы мен ерек­ше­лі­гі неде?

– Әри­не, ерекшелігі болады. Бұлардың қай-қайсысы да бір-біріне ұқсамайтын жеке-дара, өзіндік дәстүрі мен әдебі бар мектеп үлгісі болып қалыптасқан. Орыс, итальян, француз опералары әртүрлі бағытта да­мыған, олар­дың әрқайсысының стилі де, дәуір туралы пайымы мен түсінігі де әр басқа. Музыкада да «дәуір» деп аталатын дүние бар, мысалы, олар романтизм, барокко, веризм болып жалға­сып кете береді. Ең бастысы, өзің­нің қай дәуірде «өмір сү­ріп» тұрғаныңды жақсылап тұ­рып анықтап алуың керек. Егер бұл ХVІІ-ХVІІІ ғасырдағы Фран­ция болса, онда көмекей арқы­лы өтетін іштегі дыбыс­ты шығару да мүлде басқаша бо­лады – ол неғұрлым жеңіл, көр­кем, әсем болып төгіледі. Егер бұл веризм дәуіріне тән Пуч­чини немесе Масканьи бол­са, соған сәйкес дауыс та, кө­ңіл күй де, тыныс алуың да бас­қаша болып шығады. Сан қыр­лы бағыттардың сиқыры мен сұлулығын сағаттап айтсам да,­ тауыса алмаспын, сіздерге, көрер­мендерге музыканың ға­жап құдіретін сезіндіру үшін осы­ның бәрін жете меңгеру біз­дің міндетіміз.

– Сіз «Травиатада» Виолет­та, «Риголеттада» Джида, «Лю­чия ди Ламмермурде» Лю­чия, «Махаб­бат шәрба­тын­­да» Адина, «Патша қалыңдығында» Марфа, «Фи­га­роның үйленуінде» Сусан­на секілді бір әртіс армандайтындай операдағы барлық негізгі партияларды орындадыңыз. Ал сіз үшін ең жақсы партнер кім болды?

– Мен үшін үздік, жақсы пар­тнер деген – өзінің рөлін бастан-аяқ білетін кәсіби орындаушы, көп оқитын интеллектуал, сахнаға шыққанда лап ете қалатын жалынның өзі. Сах­надағы серіктесіңнің кім болатыны сен үшін әрдайым маңызды, себебі ол репликаны қалай тастаса, сен де солай орындауға мәжбүр боласың. Сол себепті мен өз кәсібін жан-­тәнімен сүйе­тін, тәртіпке бағын­ған, өзін де, жанында серігі болып тұр­ған сені де құрметтейтін ше­­бер­лерді жақсы көремін. Сах­надағы серіктестер біріне-бірі қарайласып, көмектесіп, сүйе­мелдеп тұрса ғана спектакль жо­ғары деңгейде жүреді.

– Атақты болып алған адам­дардың көпшілігі кумир дегенді керексінбей жатады. Үлгі тұтқан адамның бәрін өткен­нің үлесінде қалдырған жоқсыз ба?

– Керісінше, менің кумирле­рім өте көп, бірін атасам, екін­ші­сін өкпелетіп алам ба деп қор­қа­мын. Егер ақылы бүтін адам бол­са, қуатын керексіз нәрсеге сарп етпей, ол өмір бойы оқып, үй­ренумен өтеді. Қол жетпес биік­тікті бағындырған Мария Кал­лас бастаған бірқатар идеалдар өзінің перфекционистігімен ұнай­ды, сондай-ақ bel canto техникасы бойынша айтатын Тотти даль Монте (Италияның әйгілі дирижері Тосканини жақсы көрген итальян әншісі) сияқты табиғаты ға­жайып әншілерді де құрметтемеу мүм­кін емес. Бұлардың бәріне де ілтипатым жоғары, шынында да олардың дауысы кеудеден біркелкі шы­ғатын әдемі legato дауыс. Өзім сабақ беретін консерваторияда да, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясындағы студент­теріме де осы дауысты үйретуге бар кү­шім­ді саламын.

– Өнеріңізді жоғары баға­лап, сізбен келісім­шарт­қа отыр­ғысы келген Еуропа ел­де­­рінің бірін­дегі театр ұсы­ны­­сынан бас тартқан екенсіз. Неге?

– Мен ешқашан да қызмет­тік мансапты өз өмірлік құнды­лықтарымнан жоғары қойған емеспін. Иә, ондай тиімді ұсы­ныс­ты қабылдамағаным рас. Гол­ландия театрымен ұзақ мер­зім­ді гастрольге келісімшарт жа­­сас­қан Қазан театрымен әріп­тестік бай­ланыс жасау­дан бас тарттым. Себебі дәл сол жылдары қызым Әмина әлі жас болатын. Мен оның мектептегі сабақ үлгеріміне де, шығармашылық жағынан дамуына да көп көңіл бөлемін. Әмина да мен секілді бала күнінен музыка мектебінің фортепьяно сыныбында оқиды. Одан шығып жүзуге, тенниске барады. Жұрттың баласы жаз бойы алаңсыз демалып жүрсе, біз репетитордың көмегімен ағыл­шын, қазақ тілде­рінен, мате­матикадан сабақ аламыз. Мен оның гимназиядағы оқуы мен тәрбиесін анасының қам­­қорлығы мен қолдауынсыз қал­­дырғым келмеді. Көзімнің ағы мен қарасындай болып өсіп ке­ле жатқан қызымды бір сәтке көзім­нен таса қылсам, жанымды қоярға жеп таппай кетемін. Ал әлемдік танымалдылық пен еуро­палық беделге еңбек сіңіру деген сөз – отбасыңды ұмыту деген сөз. Өкінішке қарай, бұл менің қолымнан келмейді.

– Көктем мерекелері келіп жат­қанда, сыйлық туралы айт­пай кетсек, әйелдігімізге сын бо­лар. Біздің білуімізде, бар­лық опе­ра әншілерінің ең осал жері де, ең сүйікті бұйымы да гауһар әше­кейлер болып есептеледі. Гау­һартастарды сіз де жақсы кө­ре­сіз бе?

– Әрине, жарықпен шағы­лысқанда жарқ-жұрқ етіп жі­ңішке сәулелердің сиқырын шашатын гауһартас жалғыз менің ғана емес, әйел біткеннің көзінің құрты шығар деп ойлаймын. Гауһартастарды мен де қатты жақсы көремін. Әрине, мен үшін ең бастысы, махаббат. Махаббат әртүрлі болады – ата-анамды жақсы көремін, қызымды, ұстаздарымды, достарымды, тіпті студенттерімді, бәрін-бәрін жақсы көремін. Гүлдерді жақсы көремін! Мейлі, ол қандай болса да, күлтелеріне қарасам болды, жүрегімнің түбінде жатқан ең алыс сезімнің өзі лықсып жүзіме шығады да, төңірегімді тегіс жа­қын етіп жібереді. Гүлдерсіз өмі­рімді елестете алмаймын. Кон­церттерден кейін, спектакльдерден соң ықылас белгісі ретін­де алған гүлдер жыл он екі ай үзілместен үйімнің көркін кел­тіріп, бөлмелерді хош иіске бө­леп, шуақтандырып тұрады. Со­дан кейінгі сүйікті ісім, сая­хаттағанды жаным сүйеді. Сая­хаттап барған елдің асханасын да жақсы көретінімді жасырмаймын. Бір сөзбен айтқанда, өмірді сүйемін!

– Сіз әріптестеріңізбен жа­қын араласыз ба, әлде ара қаты­насыңызға шекара белгілейсіз бе?

– Адамдар әртүрлі типке­ бө­лініп жатады ғой. Мен – ин­ро­вертпін. Сыртқы әлемнен гө­рі ішкі әлеміне көбірек тәуел­ді адамдар қатарына жатамын. Біреудің емес, өзімнің жан дүниеме үңілгенді, өзімді-өзім іштен қызықтағанды, бар­лық сұраққа ішімнен жа­уап тапқанды жөн санаймын. Бұл көпшіл емес дегенді немесе жал­ғыздыққа, оқшаулыққа бейім екенімді білдірмейді. Керісінше, қызықтыратын тақырып болса, егер жанымдағы адам мені «оята» алса, кіммен болса да, ашық-жарқын әңгіме-дүкен құрып, жан сырымды бүкпей ақтарыла ала­мын. Жігер-қуатымды басқа нәрсеге жұмсап шаршағаннан гөрі жұмысқа жұмсап, шаршасам, содан ләззат табамын. Күні бойы репетиция, одан қалса жоғары оқу орындарындағы сабағым, шәкірттерім бар, сөйтіп уақыттың қалай өткенін де біл­меймін. Тіпті кітап оқып, музы­ка тыңдау үшін жалғыз өзім демал­ғанды қалаймын. Өзіме-өзім өте талапшылмын. Спортшылар секілді бір сәтке босаңсуға жол бермеймін, тәулік тәртібін ұстанып, ойым мен бойымның тазалығын қатаң қадағаласам және соның нәтижесін сезінсем, жаным жай тауып, ғажап сезімге бөленемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»